Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Каспий теңізіндегі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде болған қайғылы жағдайға байланысты көңіл айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Владимир Путин жеделхатында қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қолдау білдіріп, олардың қайғысына ортақтасатынын жеткізді.
"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің Каспий теңізіндегі оқу-жаттығуы барысында болған қайғылы оқиғаға байланысты шынайы көңіл айтуымды қабыл алыңыз. Қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына шынайы көңіл айтып, қолдау сөздерімді жеткізуіңізді сұраймын. Ресейде олардың қайғысы мен қасіретін бөліседі", – делінген Владимир Путиннің жеделхатында.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде қазақстандық әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты көңіл айтқаны үшін ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы ел үшін осындай ауыр сәтте Қазақстан Ресей көшбасшысы мен халқының шынайы тілектестігін және қолдауын ерекше бағалайтынын атап өтті.