Ресей Қазақстандағы АЭС құрылысына ұсыныс жасады

312

Атом электр станциясын салу жобасы бойынша жеткізушіге қатысты түпкілікті шешім 2025 жылы қабылданады.

Ресей Қазақстандағы АЭС құрылысына ұсыныс жасады Фото: canva.com

Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесінде ресейлік "Росатом" компаниясы өз тәжірибесімен бөлісуге және қажетті технологиялармен қамтамасыз етуге дайын. Бұл туралы Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанға сапарының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС-қа сілтеме жасап. 

"Ресей (АЭС құрылысына) көмектесуге дайын ғана емес, Ресей өз ұсыныстарын жасап та қойды. Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткізген референдумда оның атом энергетикасын дамыту жоспарларының қолдау тапқанын көрдік. "Росатом" бұл мәселені қазақстандық әріптестермен шешу үшін өз құзыретін толық қамтамасыз етуге дайын", – деді Сергей Лавров.

Министр Ресейдің атом энергетикасын дамыту саласында басқа елдердің тиісті мекемелерімен және құрылымдарымен ынтымақтасуға мүдделі екенін де атап өтті.

Естеріңізде болса, референдум нәтижелері бойынша Қазақстан азаматтарының 71,12 пайызы атом электр станциясы құрылысына қолдау білдірді.

Қазіргі уақытта Қазақстанда АЭС салуға мүдделі компаниялардың қысқаша тізімі жасалған. Олардың қатарында әлемнің жетекші төрт компаниясы бар: француздық EDF, ресейлік "Росатом", кореялық KHNP және қытайлық CNNC.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін француздық "Le Figaro" газетіне берген сұхбатында атом электр станциясын салу туралы шешім қабылданған жағдайда Францияның атом өнеркәсібімен ынтымақтастық орнатуға ниетті екенін мәлімдеген еді.

Сонымен бірге, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль де кореялық компаниялардың Қазақстандағы атом энергетикасы жобаларына қатысуға қызығушылық танытып отырғанын айтқан.

Атап өтсек, Қазақстанда АЭС құрылысын халықаралық консорциумның атқару қажеттігін бұған дейін Мемлекет басшысы атап өткен болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу