Ресей ядролық қаруға тыйым салу келіссөзінен бас тартты

679

Ресей ядролық қаруға тыйым салу келіссөзінен бас тартты

Ресей Федерациясы 27 наурыз күні Нью-Йорк қаласында өтетін ядролық қарулануға тыйым салу жөніндегі алқалы жиынға қатысудан бас тартып отыр, деп хабарлайды islam.kz.

Ресей билігі "ядролық қарулануға тыйым салуға әлі ерте, яғни уақыты келген жоқ" деп есептегендіктен, осындай шешім қабылдаған. Бұл жөнінде "Коммерсантъ" мерзімді басылымы Ресей сыртқы істер министрлігінің қаруды таратпау және бақылау мәселелерімен айналысатын департамент директоры Михаил Ульяновқа сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Михаил Ульянов Ресей билігінің әлемнің ядролық қарулануына қарсы екенін жеткізе келе, бұл шараның саналы түрде, кезең-кезеңімен және барлық жағдайды ескере келгенде ғана өз нәтижесін беретінін мәлімдеді.

Дипломаттың айтуынша, бұл мәселе бүгінгі күні онша өзекті болып отырған жоқ, өйткені, оның айтуынша, ядролық қару, бір жағынан, әлемдегі тұрақтылық және тепе-теңдіктің кепілі болып отыр. Тек Ресей ғана емес, сонымен қатар Қытай мен АҚШ-тың өзі де бұл мәселеде асығыстық танытпау керектігін алға тартып отыр.

Нақтырақ айтсақ, АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесінің директоры Кристофер Форд бұл бастамаға түбегейлі қарсы екенін жеткізді. Естеріңізге сала кетсек, ядролық қарулануға тыйым салу конвенциясын әзірлеуді БҰҰ Бас ассамблеясы ұсынып, осы мақсатта халықаралық келіссөз жүргізу шешімін қабылдаған еді. БҰҰ-ның бұл бастамасын 2016 жылдың 23 желтоқсанында 113 ел қолдады, 13 мемлекет қалыс қалып, 35-і қарсы шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу