Ресей Жайық арнасында бөгет сала ма?

1314

Қазақстан Ресейге наурыздың басында тараған ақпаратқа қатысты ресми сұрау  жолдады.     

Ресей Жайық арнасында бөгет сала ма?

Ресей Жайық өзенінің арнасында бөгет салуды жоспарлап отырған жоқ. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Склярдың жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

"Ресей Федерациясымен ынтымақтастық Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің арасындағы 2010 жылғы 7 қыркүйектегі Трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау туралы келісімнің нормаларына сәйкес жүзеге асырылады. Келісімнің ережелеріне сәйкес тараптар трансшекаралық өзендердің бассейндерінде салуға жоспарланған гидротехникалық құрылыстардың қоршаған ортаға әсерін бірлесіп бағалайды және қарастырады. Жайық өзені бассейнінің су ресурстарын пайдалану екі мемлекет үшін де экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ерекше маңызы бар. Келісімді басшылыққа ала отырып, Орынбор қаласын сумен қамтамасыз етуді жақсарту мақсатында Жайық өзенінің арнасында бөгет салу туралы осы жылғы наурыздың басында интернет-ресурстарда жарияланғаннан кейін қазақстандық тарап дипломатиялық арналар арқылы ресми сұрау салу жолдады. Ресей тарапының ресми жауабының болмауына қарамастан, Ресей Федерациясының Федералдық су ресурстары агенттігі басшысының орынбасары деңгейінде жұмыс кездесулерінде ресей тарапы Жайық өзеніне бөгет салу жоспарын растамайды", - деді Роман Скляр.

Сондай-ақ, ол Жайық өзені бассейніндегі су шаруашылығы жағдайын жақсарту бойынша шаралар қабылдау мақсатында ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілгендігін атап өтеді.

"Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендердің бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқа) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың бірыңғай жол картасы және оның тармақтарын орындау мерзімін және ұйымдастыру формасын нақтылайтын іс-шараларды іске асыруға арналған жұмыс кестесі бекітілді. Аталған жұмыс аясында тараптардың сарапшылары Жайық өзенінің құрғақ кезеңінде гидрологиялық ағынын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлейді", - деді ол.

Оның атап өтуінше, Жайық трансшекаралық өзенінің гидрологиялық режиміне зерттеу жүргізу үшін 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау аясында 11,950 млн теңге қаражат бөлу туралы бюджеттік өтінім енгізілді.

"Бұдан басқа, Батыс Қазақстан облысын толық сумен қамтамасыз ету үшін 2021 жылғы 20 сәуірде Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен осы жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау аясында Саратов магистралдық арнасы бойынша Қараөзен мен Сарыөзен өзендеріне және РФ Паллас суару-суландыру жүйесінен Жәнібек суару-суландыру жүйесіне қосымша су көлемін беру үшін 1 200 млн теңге сомасында қаражат көзделген", - деді Үкімет басшысының орынбасары.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу