Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Байланыстар жүзеге асырылып жатыр. Егер қолайлы бағалар бойынша келісімге қол жеткізілсе, бұл процесс іске асады", – деді Песков.
Оның сөзінше, мұнай өнімдерін импорттау нарықты тұрақтандыруға бағытталған "тағы бір маңызды қадам" болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жанармайға деген дүрбелең сұранысты төмендетуге ықпал етеді.
Кремль өкілі келіссөздердің нақты қай мемлекеттермен жүріп жатқанын ашып айтқан жоқ.
Өткен аптада Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап, Ресей Қазақстаннан АИ-92 маркалы бензиннің шамамен 50 мың тоннасын жеткізуді сұрағанын хабарлаған еді.
28 маусымда Ресей президенті Владимир Путин үкімет мүшелерімен кеңес өткізіп, жанармай нарығын тұрақтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.
Ал вице-премьер Александр Новак жанармай импортын қарастыру осындай шаралардың бірі екенін айтқан. Сондай-ақ, оның сөзінше, билік дизель отынын экспорттауға уақытша тыйым салу мүмкіндігін де талқылап жатыр.