Құжат ресми құқықтық ақпарат порталында жария етілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Осылайша, Ресей үкіметі күкірт мөлшеріне қойылатын талаптары жеңілдетілген бензинді өндіруге және сатуға уақытша рұқсат берді.
Үкіметтің мәліметінше, қабылданған шешім ішкі нарыққа қосымша жанармай көлемін шығаруға мүмкіндік береді. Бұл қазіргі сұранысты толық қамтамасыз етуге бағытталған.
Қаулыға сәйкес, 2026 жылдың 31 желтоқсанына дейін құрамындағы күкірт мөлшері бір килограмына 150 миллиграмнан аспайтын бензинді өндіруге және айналымға шығаруға рұқсат етіледі. Бұл көрсеткіш Еуро-3 экологиялық стандартына сәйкес келеді.
Мұндай бензинді өндіру және нарыққа шығару құқығы Ресейдің Салық кодексіне сәйкес, мұнай шикізатын өңдеу операцияларын жүргізуге тіркелген мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларына ғана беріледі. Сондай-ақ, бұл санатқа Энергетика министрлігімен өндірісті жаңғырту жөніндегі келісімдер аясында кері акциз алу құқығына ие кәсіпорындар да кіреді.
Десе де, бұл жанармай түріне Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай өнім айналымы белгісі қойылмайды. Сондықтан, оны одаққа мүше өзге мемлекеттердің аумағында сатуға немесе айналымға шығаруға болмайды.