Ресейде 314-ші атқыштар дивизиясының қазақстандық жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды

1398

Қазақстанның Санкт-Петербургтағы Бас консулы Бауыржан Досманбетов елімізде құрылған 314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлеріне арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі.

Ресейде 314-ші атқыштар дивизиясының қазақстандық жауынгерлеріне ескерткіш орнатылды

Іс-шара Ресей Федерациясының Ленинград облысы Лодейное Поле қаласындағы мемориалдық кешеннің Даңқ аллеясында өтті. Ескерткіштің етегіне "Майдан жолы" қозғалысының іздеушілері қазақстандық жердің бір уыс топырағымен капсула қойды.

Аталған рәсім Петропавл қаласында құрылған дивизияның 80-жылдығына орай ұйымдастырылды. Оның бастапқы құрамының 70%-тен астамы Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары болды. Дивизия құрамына 777 командир, 1 543 кіші командир және 8 611 қатардағы жауынгер кірді.

314-ші атқыштар дивизиясы Қызыл Армияның Ленинград, Волхов және 1-Украина майдандарындағы негізгі қорғаныс және шабуыл операцияларына қатысқан болатын. Ұлы Отан соғысы жылдары оның 3 832 жауынгері ордендермен, ал 4 694 медальдармен марапатталды.

Сондай-ақ, ескерткіштің ашылуы кезінде Қызылорда облысынан шақырылған 1900 жылы туған жауынгер Емберген Асаиновтың мәйітін табыстау рәсімі өтті. Ол Ресейдің "ОПОРА" іздеу тобымен Ленинград облысының Киров ауданынан табылған болатын. Сарбаздың мәйіті әскери құрмет рәсімімен жерлеу үшін Байқоңыр қаласында тұратын немересіне табысталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу