Ресейде өткен тәулікте 130-дан астам өрттің ошағы сөндірілді. Мамандар енді 200-ге жуығын ауыздықтауға кірісіп жатыр. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, ауданы 40 мың гектар болатын орман алқабы өртеніп жатыр. Осыған байланысты 10 елдімекенде төтенше жағдай режимі енгізілген.
Өрт әсіресе Ханты-Мантийск автономиялық округі, Амур мен Иркутск облыстары, Забайкалье мен Краснояр өңірлерінде өршіп тұр. Тіпті кей өңірде, нақтырақ айтқанда, Бурятия, Башқұртстан, Хабаровскте қызыл жалын қорықтарға дейін жеткен.
Тілсіз жаумен күреске бес мыңнан астам өрт сөндіруші, жүздеген көлік, сондай-ақ авиация көліктері де жұмылдырылған. Мамандардың сөзінше, орман өртінің бұлай өршуіне жауынның жоқтығы себеп. Дегенмен Ресейдің кей аймақтары құрғақшылыққа ұшырса, кей өңірлер судың астында қалып отыр. Нөсер жауыннан Тува, Ростов-на-Дону, Адыгея мен Мәскеудің маңы қатты зардап шеккен.
Табиғат Нұрболат