Ресейдің Иваново облысында Ан-22 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта жеті адам болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.
"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Иваново облысында Ан-22 ұшағы апатқа ұшырады. Бортта жеті адам болған", – делінген ақпаратта.
BBC жазуынша, әуе кемесі елсіз жерде құлаған. Ан-22 – Кеңес одағының ауыр турбовинттік тасымалдаушы ұшағы. Ол әлемдегі ең үлкен турбовинттік ұшақ болып саналады.
Апат су қоймасының маңында болды. Ол Иваново қаласынан солтүстікке қарай орналасқан. Ұшақтың қалдықтары суда табылды. Ресурстың жазуынша, Ан-22 жөндеуден кейін жоспарлы түрде ұшқан.
Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, апат болған Иваново облысындағы елдімекендерге зақым келмеген.
"Оқиға салдарынан елдімекендер зардап шеккен жоқ. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Құтқару-іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұшақ апатының себептерін анықтау үшін Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің комиссиясы оқиға орнына аттанды. Апат болған жерде Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері де жұмыс істеп жатыр", – делінген хабарламада.