Ресейде әскери Ту-95 ұшағы апатқа ұшырап, 6 адам қаза тапты

260

​Ресейдің Амур облысында Ту-95 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Оқиға салдарынан экипаждың алты мүшесі қаза тауып, тағы бір әскери қызметші жарақат алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Ресейде әскери Ту-95 ұшағы апатқа ұшырап, 6 адам қаза тапты Фото: tatpressa.ru

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, ұшақ жоспарлы оқу-жаттығу ұшуын орындаған. Әуе кемесі Красноярово ауылы маңындағы адам тұрмайтын аумаққа құлаған. Бортта жеті экипаж мүшесі болған. Министрлік ұшақта оқ-дәрі болмағанын хабарлады.

"Алдын ала мәлімет бойынша, экипаждың алты мүшесі қаза тапты, біреуі жарақат алып, медициналық мекемеге жеткізілді", – делінген ведомство хабарламасында.

Амур облысының билігі экипаж мүшелері ұшақты елді мекендерден алыстатуға әрекет жасағанын мәлімдеді.

Ұшақ құлағаннан кейін оқиға орнында өрт шыққан. Әлеуметтік желілерде апаттан кейінгі көріністер түсірілген бейнежазбалар тарады.

Қазір апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Оқиға орнына Ресейдің Әуе-ғарыш күштері комиссиясы жіберілді. Ресейлік ақпарат құралдары апатқа қатысты бірнеше нұсқа қарастырылып жатқанын жазды. Алайда ресми түрде нақты себеп әзірге айтылған жоқ.

Ту-95МС – стратегиялық зымыран тасымалдаушы ұшақ. Ол ұзақ қашықтыққа ұшатын қанатты зымырандарды тасымалдауға арналған. Базалық Ту-95 ұшағы алғаш рет 1952 жылы әуеге көтерілген, ал Ту-95МС нұсқасы қазіргі уақытта жаңғыртылып жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу