Ресейде ел астанасын Мәскеуден басқа қалаға ауыстыру туралы ұсыныс айтылғаннан кейін қоғамда түрлі пікірталастар туындады. Ресей федерациясының астанасын ауыстыру туралы ұсыныс жасалды. Ел астанасы Мәскеуден Екатеринбург, Урал немесе Поволжьеге ауысуы мүмкін, деп хабарлайды inform.kz.
Кеше, 20 тамыз күні "Біртұтас Ресей" партиясы жоғарғы кеңесінің мүшесі, Саяси және экономикалық коммуникациялар агенттігінің директоры Дмитрий Орлов Facebook-тегі өз парақшасында жаңа астана болуға барынша лайықты нұсқа Екатеринбург екендігін жазды.
"Мәскеу Ресейдің географиялық орталығынан алыс орналасқан, ал оның дамуы Мәскеу агломерациясының гипертрофиясына алып келуде. Осы екі фактінің өзі Ресей астанасын Уралға, Поволжьеге немесе Батыс Сібірге ауыстыру туралы сөз қозғауға жеткілікті", – дейді саясаткер.
Саясаткердің айтуынша, ең қолайлы нұсқа – Екатеринбург.
Бұл ретте Орлов астанаға жүктелген функциялардың бір бөлігін басқа қалаларға беруге болатынын да айтты.
19 тамыз күні Демография, көші-қон және өңірлік даму институты қадағалау кеңесінің төрағасы Юрий Крупнов Ресей президентіне "Мәскеуден алыстату доктринасын" жолдап, ел астанасын ауыстыру туралы ұсыныс айтқан болатын.