Ресейде еліміздегі орыстілді азаматтарды ұрады деп санайтындар бар

1816

"Ресей офицерлерінің" басшысы Сергей Липовой осындай мәлімдеме жасады. 

Ресейде еліміздегі орыстілді азаматтарды ұрады деп санайтындар бар

Ол ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қазақстандағы орыстілді азаматтарға жасалған шабуылға кінәлілерді жауапқа тартуды сұрап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

"Соңғы апталарда БАҚ пен қоғам арасында Қазақстанның орыстілді азаматтарына жасалған шабуылдары талқылануда. Куәгерлер мен жәбірленушілердің айтуынша, бұл қылмыс ұлттық және діни негізде жасалған. Бұлардың бір-бірімен байланысы болмауы мүмкін, бірақ тенденция осындай. Бауырлас халықтардың арасындағы ұлтаралық араздықты өршітуге бағытталған", – деді ол. 

"Ресей офицерлері" бұл қылмысты жасағандардың барлығын анықтап қана қоймай, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жедел және жан-жақты шаралар қабылдау керек деген пікірде. Липовой тіпті Қазақстанға келіп, көмектесуге дайын екенін білдірді.

"Қазақстанға Кеңес Одағының батырлары мен Ресей батырларының делегациясымен қоғамдық дипломатия шеңберінде ресми іссапармен келуге және жағдайды тұрақтандыру және бауырлас халықтар арасындағы алауыздықты өршітуге жол бермеу үшін көмек көрсетуге дайынмын", –деп сөзін түйіндеді ол. 

Еске сала кетейік, бұған дейін Қуат Ахметов Қазақстанда "тілдік рейдтер" ұйымдастырған еді. Белсенділер дүкен мен мемлекеттік мекемелерге барып, адамдардың қазақ тілін білетінін не білмейтінін тексерген. Қазақша сөйлей алмайтындарын "Қазақстанды құрметтемегені" үшін кешірім сұрауға мәжбүрлеген. Мұндай рейдтер түсірілген видеолар YouTube-те жарияланып отырған. 

ҚР Президенті әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Ахметовтің әрекетіне жол беруге болмайтынын мәлім етті.

"Біздің елде мұндай нәрселер қатаң түрде тоқтатылады", – деді ол.

Осыдан кейін Ресей билігі Ахметовтың елге кіруіне тыйым салды. Шектеу мерзімі – 50 жыл. 

Ескере кететін жайт, елімізде адамдар тіл білмегені үшін соққыға жығылды деген ақпарат жарияланбады.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу