Ресейде қарсылық акциясына қатысқандар ұсталып жатыр

862

Қарсылық акцияларына 80 мыңға жуық адам қатысқан.

Ресейде қарсылық акциясына қатысқандар ұсталып жатыр

Ресейдің 33 қаласында 9 қыркүйекте өткен зейнетақы реформасына қарсылық акцияларында полиция 839 адамды ұстады. Бұл туралы "ОВД-Инфо" сайты хабарлады, деп жазады aktobenews.kz.

839 адамның 324-і Санкт-Петербургте тұтқындалды. Бұл қаладағы ұсталғандар саны 500 адамға жетуі мүмкін. Екатеринбургте 129 адам ұсталды, дегенмен ақпарат көздері ұсталғандар саны бұдан көп болуы мүмкін деп жазуда.

Мәскеуде 9 қыркүйек күні кешке ондаған адамды полиция ұстады. "Театральная" метро станциясында полиция шеруге шыққандарды сабады.

Мәскеу полициясы зейнетке шығу жасын ұлғайтуға қарсы митингке екі мың адам қатысқанын айтады. Өзге мәліметтер бойынша, Пушкинск алаңында өткен акцияға бес мыңға дейін адам қатысты. Демонстранттар Пушкин ескерткіші алдына "Зейнет" деген жазуы бар қаралы оқиғаға арналған гүл шоғын қойды. Жиналғандар "Бұл реформа емес, тонау!" және "Ақшамызды қайтарыңдар!" деп ұрандатты.

Оппозициялық саясаткер Алексей Навальныйдың серігі Леонид Волковтың Twitter-де жазуынша, Ресей бойынша зейнетақы реформасына қарсылық акцияларына 60 мыңнан 80 мыңға дейінгі аралықта адам қатысты. Волков билік рұқсат бермеген қарсылық акцияларына қатысқандар санын дәл есептеудің қиын екенін айтады.

Еске сала кетсек, шілдеде Ресей парламенті үкіметтің зейнетке шығу жасын әйелдерге 63 жасқа, ерлерге 65 жасқа дейін ұзарту жоспарын алдын ала тыңдалымда мақұлдаған еді.

Бұдан соң ондаған қалада мыңдаған азамат бұл реформаға қарсы шығып, жаппай наразылық акцияларын өткізе бастаған. Қоғамдық сауалнама нәтижелері бойынша, осының салдарынан Путиннің рейтингі күрт төмендеген. Путин бұған жауап ретінде 29 тамызда өткен тікелей эфирде әйелдердің зейнетке шығу жасын үкімет жоспарлаған сегіз жылдың орнына бес жылға ұзартуды және үш немесе одан да көп балалы аналарды зейнетке ертерек шығаруды ұсынған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу