Ресейде Қазақстан мұнайын Еуропаға тасымалдау тарифін көтеру ұсынылды

159

Ресейде ЕО және НАТО елдеріне экономикалық қысым көрсетудің жаңа бастамасы көтерілді.  

Ресейде Қазақстан мұнайын Еуропаға тасымалдау тарифін көтеру ұсынылды

Бұл өзгерістер Қазақстан мұнайының транзитіне әсер етуі мүмкін, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Справедливая Россия" партиясының жетекшісі, Думадағы фракция басшысы Сергей Миронов Мәскеу ЕО және НАТО мемлекеттеріне энергия ресурстары мен материалдар жеткізуді тоқтатып, бірқатар тарифтер мен шектеулерді қайта қарауы тиіс деп мәлімдеді.

"ЕО мен Ұлыбритания – біз Украинамен емес, дәл солармен соғысып жатырмыз – Украина Қарулы күштері үшін зымырандар мен дрондардың жаппай өндірісін жолға қойды. Сондықтан біз бұдан былай "бір жерде соғысып, екінші жерде сауда жасау" принципін ұстана алмаймыз. Майдан шебінде әскерлерімізді өлтіріп, бейбіт қалаларды атқылайтын зымырандар мен дрондарға қажетті энергия ресурстары мен материалдарды оларға жеткізуді тоқтату керек", –  деді Миронов РИА Новости агенттігіне берген сұхбатында.

Мироновтың айтуынша, фракция ЕО және Ұлыбританиямен "экономикалық текетірес" тұжырымдамасын дайындаған.

Ұсыныстардың ішінде мынадай шаралар бар:

  1. ЕО және НАТО елдеріне байытылған уран, титан, палладий және никель экспортына тыйым салу;
  2. Теміржол және Солтүстік теңіз жолы арқылы Еуропаға өтетін тауарлар транзитінің тарифін 50%-ға көтеру;
  3. Еуропаға жіберілетін беларусь тыңайтқыштарының транзит тарифін екі есе арттыру;
  4. Қазақстаннан Еуроодаққа тасымалданатын мұнай транзитінің тарифін екі есеге дейін қымбаттату.

Қазақстан үшін бұл бастаманың ең түйткілді тұсы – мұнай транзиті тарифін көтеру идеясы. Бұл Ресей аумағы мен инфрақұрылымы арқылы өтетін қазақстандық мұнайдың экспорттық бағыттарының тиімділігіне тікелей әсер етуі мүмкін.

"ҚазТрансОйл" деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Германияға экспорт көлемі 353 мың тоннаға өсіп, 730 мың тоннаға жеткен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу