Ресейде Қазақстанның Мәдениет күндері басталды

1618

Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері 7-11 қыркүйек аралығында өтеді. 

Ресейде Қазақстанның Мәдениет күндері басталды

"Мәскеу қаласында Қазақстанның Ресейдегі мәдениет күндері басталды", – деп хабарлайды Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.

"Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас өте жақсы дамып келеді. Қазақстанның мәдениет күндерін өткізудегі басты мақсатымыз – ресей жұртшылығын қазақ халқының өнерімен, дәстүрімен, мәдениетімен таныстыру. Бұл шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен РФ Мәдениет министрлігінің  2017-2019 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту бағдарламасы аясында өтіп жатыр", - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова.

Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мәдениет күндерінің аясында "Астана опера", "Астана балет" ұжымдары отандық және шетелдік үздік туындыларды орындайтын болады. Ал "Астана опера" мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров өздерінің Мәскеу қаласымен шектелмейтінін айтады.

"Біз 20 қазан күні "Санкт-Петербург Опера" сахнасында "Щелковая лестница" операсын қоямыз. Одан әрі 23 қазанда Красноярск мемлекеттік опера және балет театрында П.Чайковскийдің "Евгений Онегинін" сахналаймыз. Араға 2 күн салып, Красноярск өңірлік филармониясында симфониялық бағдарламамызды ұсынамыз. Ал алдағы жылы Ресейдің Большой театрында ұлттық операмыздың жауһары, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің "Абай" операсын сахналаймыз", – деді ол.

Ал РФ Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Михаил Швыдкой Тәуелсіздіктің 28 жылы ішінде Қазақстан мәдени тұрғыда қуатты серпіліс жасағанын атап өтті.

"Қазақстанның театры мен музыкасы және кинематографиясында керемет өзгерістер болды. Қазақстандық өнерпаздардың Мәскеу қаласының күніне орай келуі бізге өте қуанышты жаңалық. Мәскеу халқы өнерпаздарды қуанышпен қабылдайды деп үміттенемін. Келесі жылы Ұлы ойшыл Абайдың 175 жылдығы атап өтіледі. Абайдың өсиеті орыс халқымен бірге өмір сүріп жатқаны өте қуанышты", – деп түйіндеді ол.

Келер жылы Үлкен театрдың тарихи сахнасында Абайдың 175 жылдығын мерекелеу аясында қазақстандық әртістер Ұлы ойшылға арналған операны ұсынады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу