Ресейде коронавирус инфекциясын жаңа әдіспен емдей бастады

919

Жаңа әдіспен қазір жеті адам емделіп жатыр. 

Ресейде коронавирус инфекциясын жаңа әдіспен емдей бастады

Склифосовский атындағы жедел жәрдем институты мен Мәскеудегі №52 ауруханада Covid-19 вирусын жұқтырғандардың ағзасына осы аурудан айыққандардың қан плазмасын құйып емдеп жатыр. Бұл туралы Мәскеу қаласының әлеуметтік даму жөніндегі вице-мэрі Анастасия Ракова мәлім етті.

"Біз басқа елдердегі әріптестеріміздің ауруды қалай емдеп жатқанын бақылап жүрміз. Осындай зерттеулер Қытай, Германия және АҚШ елдерінде жүзеге асырылып жатыр. Қан плазмасын құю әдісі індетті еңсеруге зор септігін тигізеді деп үміттенеміз", – деді Ракова. 

Аурудан жазылғандардың қанында вирусқа қарсы тұра алатын антиденелер бар екен. Әзірге коронавирус инфекциясынан құлантаза жазылып шыққан 11 адам донор болуға келіскен. Ал жаңа әдіспен қазір жеті адам емделіп жатыр. 

Ракованың айтуынша, бір донордың қан плазмасы 1-3 науқасқа жетеді. Сондықтан қан тапсырушылардың саны неғұрлым көп болса, індетті ауыздықтау соғұрлым жеңілірек болады. 

Донорлардың қаны коронавирус жұқтырғандарға құйылмас бұрын тексерістен өтеді. Мысалы, жазылғандар Covid-19 вирустық инфекциясынан жазылды деген медициналық құжат болу керек. Сонымен қатар олар АИВ-ті, В және С гепатиттерін анықтайтын тест, қанның биохимиялық анализін тапсыруға міндеттеліп, коронавируқа қарсы антиденені анықтайтын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. 

Соңғы мәлімет бойынша, Ресейде науқастардың саны 10 мыңнан асып, оның 76-сы қайтыс болды. 700-ге жуық кісі ем-дом қабылдап жазылған. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу