Ресейде мобилизация жарияланғалы бері майданға жетпей 20 адам қайтыс болған

859

Жұмылдырылғандар арасында өз-өзіне қол жұмсағандар немесе есірткіден, алкогольмен уланудан, түрлі денсаулық жағдайларына байланысты қаза тапқандар тіркелген.  

Ресейде мобилизация жарияланғалы бері майданға жетпей 20 адам қайтыс болған

Ашық деректерге жүгінсек, Ресей Федерациясында мобилизация басталғалы бері әскери бөлімдер мен құрама пункттерде майданға жетпей 20-ға жуық адам қайтыс болған, деп хабарлайды inbusiness.kz Deutsche Welle тілшісіне сілтеме жасап. 

12 қазанда Челябі облысынан 27 жастағы жігіттің Екатеринбургтің 32-ші әскери қалашығында қайтыс болғаны белгілі болды.

Уралдағы жұмылдырылғандармен жұмыс атқаратын бөлімнің жетекшісі Мемлекеттік Думаның депутаты Максим Ивановтың айтуынша, жігіттің өліміне есірткіні шамадан тыс қабылдауы себеп болған. 

Сол күні Свердлов облысында қайтыс болған тағы бір адам туралы белгілі болды. 1989 жылы туған ер адамның жүрегі тоқтап қалған. 

9 қазанда РИА Новости құқық қорғау органдарындағы дереккөзге сілтеме жасай отырып, Якутиядағы мобилизациялық бөлімшеде бір адам терезеден құлап өлді деп хабарлады.

6 қазанда "Бумага" басылымының хабарлауынша, Каменка ауылында кем дегенде үш адам қайтыс болған. Екеуінің жүрегі тоқтап қалған, ал үшіншісі – Санкт-Петербургтің 28 жастағы тұрғыны оқу-жаттығу кезінде өзін автоматтан атып, өз-өзіне қол жұмсаған.

Екі адам Новосибирскідегі жұмылдыру пунктінде қайтыс болды. Жергілікті "Сибкрай" басылымының хабарлауынша, біреуі зорлық-зомбылықтан қаза тапқан, екіншісінің ұйықтап жатқан кезде жүрегі тоқтап қалған.

Сонымен қатар "Верстка" жобасы бұған дейін Пенза, Омбы, Новосибирск, Владивосток, Кабардино - Балкария және Свердлов облыстарында жұмылдырылған кем дегенде тоғыз адамның өлімі туралы хабарлады.

Фото: Алексей Волхонский 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу