Ресейде түркі қауымы туралы фильм түсірген Назгүл Кенжетай әлі де қамауда

1467

Ол Қазақстанға депортацияланады.

Ресейде түркі қауымы туралы фильм түсірген Назгүл Кенжетай әлі де қамауда

Ресей Федерациясының субъектісі Хакасия Республикасында түркі қауымы туралы деректі фильм түсіргені үшін қамауға алынған журналистер Назгүл Кенжетай мен Эмин Карачак әлі де қамауда, деп хабарлайды Inbusiness.kz Түркияның Anadolu агенттігіне сілтеме жасап. Екеуі де Түркияның GZT деп аталатын басылымның редакторлары болып қызмет етеді. 

Кенжетай мен Қарачақты экстремизмге қарсы іс-қимыл бөлімінің қызметкерлері ұстаған. Журналистердің заттары тәркіленіп, олар түсірген барлық материалдар жойылған. Қазір екеуі Абакандағы уақытша қамау пунктінде отыр. 

Кенжетайдың айтуынша, ол Красноярск арқылы Қазақстанға, ал әріптесі Түркияға депортациялануы тиіс. Алайда Кенжетай мен Қарачақ билік оларды қамауда ұзағырақ ұстау үшін елден шығару процесін әдейі созып жатыр дегенді айтты. 

Журналистердің сөзінше, Абакандағы камераларда жылу мен су жоқ, күніне тек екі екі рет таза ауамен демалуға шығуға рұқсат берілген. Оның үстіне олардың телефондары үнемі бақыланады.

Кенжетай – Түркияда тұратын, Түркия университетінің журналистика факультетін бітірген Қазақстан азаматы. Хакасияға барар алдында Эмин Карачакпен бірге Якутия, Бурятия және Алтайдағы түркі халықтарының өмірі туралы бірнеше фильм түсірген. 
17 желтоқсанда Абакан қалалық соты Кенжетай мен Карачакты Ресейге кіру ережесін қайтадан бұзды деп таныды. Жергілікті ІІМ-нің хабарлауынша, блогерлер Хакасияда аккредитациясыз жұмыс істегендіктен оларға 5 мың рубль көлемінде айыппұл салынды. 

Anadolu агенттігінің хабарлауынша, ресейлік БАҚ "Кенжетай мен Қарачақ Ресейге қарсы үгіт-насихат жүргізіп, тыңшылықпен айналысуда, сондай-ақ олар түркі халықтары Ресей билігі кезінде қиын жағдайда өмір сүріп жатыр деп көрсеткісі келеді және исламды насихаттауда" деп белсенді түрде ақпарат жариялауда. 

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу