Краснодар өлкесі Темрюк ауданының Волна кентінде өрт шықты. Бұл туралы Краснодар өлкесінің губернаторы Вениамин Кондратьев өзінің Telegram-арнасында хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
"Темрюк ауданының Волна ауылында мұнай өнімдері сақталатын резервуар жана бастады. Өртті сөндіру қиынға түсіп, оған 3 дәреже берілді. Алдын ала ақпарат бойынша, құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Елді мекен тұрғындары үшін еш қауіп жоқ", - деп жазды ол.
Кондратьевтің айтуынша, өрт сөндіру, ТЖМ және шұғыл қызметтер оқиға орнына жіберілді.
Сонымен бірге, ТАСС жедел қызметтерге сілтеме жасай отырып, Волна кентіндегі мұнай өнімдері сақталатын резервуар дронның құлауынан өртеніп кеткенін хабарлайды.
"Таманьнефтегаз" АҚ кәсіпорнының аумағында мұнай өнімдері сақталған резервуардың ұшқышсыз ұшақтың құлауынан жана бастаған", - деді агенттіктің сұхбатшысы.