Дәрі тапшылығын қала тұрғыны Атыраулық тұрғын Нұрбибі Теміртасова да байқаған. Әсіресе "парацетамолды" соңғы бір аптада іздеп таппапты. Пандемия үкіметке сабақ болмаған сыңайлы деген ол, мәселе тез арада шешіледі деген үмітте.
Құр сөзге ермей, қалтаны қақпайтын қызуға арналған дәріні қаланың ішінен өзіміз де іздедік. Ірі дәріханалар желісінде бірең-сараң болғанымен, таблетканың шынымен де қат екені байқалды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар жеке дәріханалардағы тапшылыққа қатысымыз жоқ деп қол қусырып отыр. Ең бастысы емханаларда жеткілікті дейді. Ал тасымалға жауапты департаментпен байланысу мүмкін болмады. Вирустың күшейген шағында аса қажет препараттың өңірге қашан жеткізілетіні әзірге белгісіз.
Бұл тек Атыраудағы ғана проблема емес. Өзге облыстарға да ортақ. Мәселен Маңғыстаудағы дәріханаларда парацетамол қазір бар болғанымен, қоймаларда таусылған. Жауаптылардың сөзінше тапшылық көрші елдегі геосаяси жағдаймен байланысты.
"Парацетамолдың жеткізілуі геосаяси жағдайларға да байланысты. Негізгі жеткізушілердің келісе алмауына байланысты, немесе сатып алуға кедергілер болуына байланысты. Негізі бізге парацетамол Ресейден келеді, сондай ақ Үндістаннан да келген болатын", дейді Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті МОБ департаментінің жетекші маманы Мақсат Бижанов.
Қазақстанға көрші елдерден тек бір ғана препараттың импортталмайтыны анық. Үкіметтегілер проблеманы қазірден қолға алмаса, дәріхана сөресінен өзге дәрі-дәрмек түрін таппай қалатынымыз анық.
Қымбат Даирқызы