13 шілдеге қараған түні ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресейдің мұнай инфрақұрылымы нысандарына кезекті рет шабуылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Куәгерлердің мәліметінше, Вязники хуторындағы мұнай базасындағы өрт дрон шабуылынан соң тұтанған. Бұл – соңғы бір аптадағы осындай екінші жағдай. Осыған дейін 9 шілдеде қазіргі оқиға орнынан шамамен 1,2 шақырым қашықтықта орналасқан тағы бір мұнай базасы ұшқышсыз аппараттардың шабуылына ұшыраған болатын.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан өрттің бірнеше резервуарды шарпығанын байқау қиын емес. Таңертеңге дейін жалын толық сөндірілмеген. Украиналық БАҚ-тың мәліметінше, кем дегенде мұнай өнімдері сақталған 2 резервуар өртенген болуы мүмкін.
Ал Украинаның "Крымский ветер" Telegram-арнасының хабарлауынша, шабуылдың негізгі нысанасы Қырымды Керчь паром өткелі арқылы Ресеймен байланыстырып тұрған "Кавказ" портының мұнай өнімдерін тиеу кешені мен теміржол инфрақұрылымы болған. Өрт жанармай сақтау және тасымалдау нысандарын қамтыған.
Сонымен қатар, порттың резервуарлар паркі аумағында да өрт шыққаны хабарланды.