РФ МДБ сайтында жарияланған құжатқа сәйкес, мұсылмандарға діни тұрғыда тыйым салынған өнімдер мен заттарды тасымалдауға шектеу қойылады. Атап айтқанда, келесі заттарды жеткізуге болмайды:
-
алкогольдік сусындар;
-
құмар ойындарға арналған бұйымдар;
-
пұттар мен пұтқа табынушылыққа қатысты діни заттар;
-
шошқа еті;
-
шариғат талабына сай сойылмаған мал еті.
Бұл ережеге тек кәдеге жарату (утилизация) мақсатында жеткізу жағдайында ғана ерекше рұқсат беріледі.
Пәтуада күрделі жағдайларда тыйым салынған жүкті жеткізуге тура келген жағдайда, курьердің міндетті түрде садақа беруі тиіс екені айтылған.
"Егер жүктің құрамында рұқсат етілген және тыйым салынған заттар қатар болса, әрі рұқсат етілген бөлігі басым болса, онда кейін садақа беру шартымен жеткізуге рұқсат етіледі", — делінген пәтуа мәтінінде.
Ғұламалар кеңесі рұқсат етілген жүк түрлеріне келесілерді жатқызды:
-
тамақ өнімдері;
-
шариғат талабына сай сойылған мал еті;
-
жарма, сары май, сүт өнімдері;
-
жемістер мен көкөністер;
-
азық-түлікке жатпайтын тұрмыстық тауарлар (киім, жиһаз, ыдыс-аяқ, кеңсе тауарлары, электроника);
-
кітаптар мен ақпарат тасымалдаушылар;
-
дәрі-дәрмектер және медициналық бұйымдар.
Егер жүктің ішінде не бар екені белгісіз болса (мысалы, жабық жәшіктерде немесе мөрленген қораптарда жеткізілсе), ондай тапсырысты қабылдауға рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, Ғұламалар кеңесі курьерлерге "табыстың тазалығына күмән туған жағдайда, тапқан табысын зекет немесе садақа арқылы тазартып отыруды" ұсынды.