Ресейге салынған санкция әсерінен Қазақстанда басылған кітаптардың саны күрт кемуі мүмкін

Мемлекет кітап саласында протекционизмге бара ала ма? 

Ресейге салынған санкция әсерінен Қазақстанда басылған кітаптардың саны күрт кемуі мүмкін Фото: Ультрадук

Танымал баспа саласы маманы Бақытжан Бұқарбай ресейлік әріптестерінің Қазақстан нарығына келуі туралы ойын айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Оның сөзінше, Ресейдегі соғыс кітап саласына да әсер етпей қоймаған. 

– Ресей баспагерлері санкцияға ұшырап, олар да қазір көп кітап басып, аударып-шығаруға рұқсат ала алмайды. Сондықтан, заңды компанияларды біздің еліміздің аумағында тіркеді. Басында "тек заңды мекенжай үшін тіркеді ме?" деп ойласақ, олар мына жерге келіп те, нарықта бар тапсырыстарды алу үшін әрекет етіп жатыр. Әрине, біз – ашық нарықпыз. Ешкімге тыйым сала алмаймыз. Бірақ, буыны қатпаған қазақ баспагерлері үшін миллиондаған бюджеті бар ресейліктермен бәсекелестікке түсу – қиын мәселе. Сондықтан, мемлекет протекционизмге бару керек, – деді ол.

Баспагер елдегі Қазақстандық кітаптар санын арттыру керек деп есептейді. Ал дәл мынадай жағдайда бұл мүмкін емес. Сондықтан, мемлекет талап етуі тиіс. 

– Ресейлік болсын, басқа елдің баспасы болсын, бізде қызмет ететін болса, өз тілінде бір кітап шығарса, міндетті түрде қазақ тілінде де бір кітап шығаруға міндеттеу керек. Біз неге кітап шығарған кезде бизнестің ең тиімсіз формасымен айналысып жатырмыз? Өйткені, біз қазақ контентін кітап саласында да көбейткіміз келеді. 2016 жылы баспа ісін қолға алғанда, "Меломандағы" Қазақстанда басылған кітаптар саны 5 пайыз дан аспайтын. Қазір 15%-дан асыра алдық, – деді ол.

Іске мемлекет араласпаса, пайыздың төмендей түсетіні анық. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу