1 қазаннан бастап Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациялау кампаниясы басталады. Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой қатысқан, ҚР халқын вакцинациялау мәселелеріне арналған баспасөз конференциясында айтты, деп хабарлайды mz.gov.kz.
Алексей Цой баспасөз конференциясында сөз сөйлей отырып, Қазақстанда иммундық-профилактика профилактикалық денсаулық сақтаудың басым бағыттарының бірі болып табылатынын және республикада вакцинациялау нәтижесінде инфекциялық аурулар бойынша эпидемиологиялық саламаттылыққа қол жеткізілгенін атап өтті. Мысалы, соңғы 20 жылда қызамықпен сырқаттанудың 2540 еседен артық; эпидемиялық паротиттің - 310 еседен артық; "В" вирустық гепатиті 54 есе, ал осы инфекцияға қарсы иммундалған балалар арасында 112 есе (ВВГ-не қарсы вакцинациялау 1998 жылдан бастап енгізілген) төмендегені байқалады, сондай-ақ көкжөтелмен сырқаттанудың тұрақты төменгі деңгейі ұсталуда, дифтерия мен сіреспенің бірлі-жарым жағдайлары кездеседі.
"Вакциналар мен басқа да медициналық иммундық-биологиялық препараттар негізгі (өте маңызды) дәрілік заттардың тізіміне енгізілген және халықты вакцинациялау тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіреді. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Респуликасының Кодексіне сәйкес жеке адамдар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдік азаматтар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық егулер алуға құқылы" - деді вице-министр.
"Біздің еліміздің егулер күнтізбесі ДДҰ-ның ұсынымдарына сәйкес келеді және көптеген дамыған елдердің: Австрия, Израиль, Бельгия, Германия, Түркия, Жапонияның иммундау кестелеріне ұқсас. Балаларды сапасына кепілдік берілген вакциналармен қамтамасыз ету мақсатында ҚР денсаулық сақтау министрлігі өндірісін ДДҰ сертификаттаған вакциналарды сатып алады. 2013 жылдан бастап еліміз бүтін жасушалы көкжөтел компоненті бар адсорбцияланған көкжөтел-дифтерия-сіреспе (бұдан әрі – АКДС) вакцинасын қолданудан жасушасыз көкжөтел компоненті бар вакцинаға көшті, оларды пайдаланған кезде вакцинадан кейінгі реакциялар мен асқынулардың даму жиілігі мен қаупі төмендейді. Бұл ретте ауыз арқылы қабылданатын полиомиелит вакцинасы белсенділігі жойылған полиомиелит вакцинасына ауыстырылды. Сонымен қатар, иммундаудан кейінгі жағымсыз көріністердің дамуын азайту үшін балаларға арналған көп дозалы вакцина көп дозалы орамдағы вакцинаға ауыстырылды" - деп сөзін толықтырды ол.
Өз кезегінде Жандарбек Бекшин тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекцияларға (ЖРВИ) қарсы алдағы вакцинациялау кампаниясы туралы еске салды.
"Жалпы 2017-2018 жылдардағы эпидмаусымға бюджеттік қаражаттың 1 млрд 200 млн теңге сомасына РФ өндірілген "Гриппол плюс" вакцинасының 1,5 млн дозасы сатып алынды. Мемлекеттік бюджет есебінен вакцинациялаудан созылмалы өкпе, жүрек-қан тамыры ауруларымен ауыратын, иммундық тапшылығы, әлсіз және жиі ауыратын балалар, медицина қызметкерлері мен жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі жүкті әйелдер алады. Сондай-ақ жұмыс берушілер есебінен және адамдардың жеке қаражатынан егілетін болады" - деді ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігері.
Сондай-ақ ол Қазақстанда жыл сайын тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциялардың 1,0 млн жуық жағдайларының тіркелетінін атап өтті, яғни эпидмаусымда тұмаумен және ЖРВИ-мен халықтың 10 және одан көп пайызы ауырады. ДДҰ деректері бойынша алдағы 2017-2018 жылғы маусымда вирустың үш штамы өзекті болады - A (H1N1) - Мичиган, A (H3N2) – Гонконг, B – Брисбен.