Қазіргі таңда елімізде Ресейден астық әкелуге толығымен тыйым салынған. Соған қарамастан, шетелдік бидайды алуға ниеттенген астаналық кәсіпкер анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Белгілі болғандай, Ресейде жиналған 70 тонна астық пойыз арқылы Астанаға бағыт алған. Діттеген жерге жетуі үшін Павлодар облысынан өткен. Сол тұста жергілікті шекарашылар заңсыз өнімді анықтаған.
"Шарбақты аудандық аумақтық инспекциясы мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бірлескен әрекеті нәтижесінде Ресей Федерациясынан Астана қаласына теміржолмен 70 тонна астық жеткізудің заңсыз фактісі анықталып, жолы кесілді", – дейді АШМ агроөнеркәсіптік кешен мемлекеттік инспекциясы комитетінің Павлодар облыстық аумақтық инспекциясы басшысы Арман Шүйкенов.
Аталған жайт бойынша әкімшілік іс қозғалып, Шарбақты аудандық сотының шешімі бойынша астыққа тапсырыс берген астаналық кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол 369,2 мың теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. Ал астықтың өзі ресейлік жіберушіге кері қайтарылды.