Энергетика министрлігі Ресейден бензин жеткізуге тыйым салу туралы қаулы жобасын әзірледі. Бұдан былай жанармайды теміржол арқылы тасымалдау шектеледі, деп хабарлайды altaynews.kz.
Министрліктің баспасөз қызметі мәліметіне сүйенсек, құжатты бекіту процесі басталып кетті. Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн ішінде бұйрық күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетейік, көрші елден бензин әкелуге өткен жылдың тамызында 3 айға шектеу қойылған еді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, тыйым ішкі нарықты тұрақтандыруға бағытталып отыр.
"Басқа амал жоқ. Кері жағдайда жергілікті мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс қуаттылығын азайтуға тура келеді. Осылайша отандық пен шетелдік өндірушілер арасында таңдау жасауға мәжбүрміз. Әлбетте біз отандықты таңдаймыз. Бұл уақытша шара", – дейді министр.