Ресейден елімізге әкелінетін мұнай өнімдеріне қатысты келісімге өзгерістер енгізіледі

485

Құжат қазақстандық кәсіпкерлерге баға белгілеу және жеткізу мерзімдері бөлігінде оң ықпал етеді деп күтіліп отыр. 

Ресейден елімізге әкелінетін мұнай өнімдеріне қатысты келісімге өзгерістер енгізіледі Фото: Inbusiness.kz

Сенат Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы елімізге мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қолданыстағы келісімге сәйкес 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай және мұнай өнімдері есепке алыну мақсатында Ресей тарапынан кедендік декларациялауға жатады. Бұл шарттар көрші мемлекетке экспорттық кедендік баж алмай, біздің елімізге мұнай өнімдерін әкету есебін жүргізуге мүмкіндік береді. 2019 жылы Ресей уақытша мерзімді декларациялау рәсімін тоқтатып, кедендік декларациялау арқылы статистикалық есепке алуды жалғастыру бөлігінде екіжақты келісімнің 3-бабына өзгеріс енгізуге бастамашы болды. Екі елдің кеден кодекстерінде көзделген уақытша мерзімді декларациялау тауарлардың бір партиясын белгіленген кезең ішінде оны бірнеше бөлікке бөліп әкетуге мүмкіндік беретін экспорттық кедендік рәсімдеу нұсқасына жатады", - деді сенатор Бауыржан Қаниев.

Қазақстанда уақытша мерзімді декларациялауды қолдану мерзімі 3 ай болса, Ресейде – жарты жыл.

"Қазақстан айқындалған квоталар шеңберінде автобензин, авиа-, дизель отыны және тағы басқа ресейлік мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін импорттайды. Осыған байланысты уақытша мерзімді декларациялауды қолдану, бір жағынан Ресейде бөлінген квотаның барлық көлемін сақтайтын монополист экспорттаушының пайда болуына әкелді, ал екінші жағынан, қазақстандық кәсіпкерлерді ресейлік мұнай өнімдерін жеткізушілерді немесе сатушыларды таңдауда шектеді. Осыған байланысты, қаралып отырған заңда Келісімнің 3-бабына Ресейден Қазақстанға әкетілетін мұнай мен мұнай өнімдеріне қатысты уақытша мерзімді декларациялаудың күшін жою бөлігінде өзгеріс енгізіледі", - деп атап өтті сенатор.

Спикердің сөзінше, бұл заң отандық кәсіпкерлерге баға белгілеу және жеткізу мерзімдері бөлігінде өз мүдделерін ескере отырып, мұнай өнімдерін еркін сатып алуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу