"Ресейден Венгрияға газ бен мұнай жеткізуді шектейтін санкцияларға дауыс бермейміз"

820

Венгрия Ресейге салынып жатқан санкцияларды қолдайды. Бірақ олардың мұнайы мен газын Венгрияға жеткізуін шектейтін санкцияға қол қоя алмайды. Бұл туралы Венгрияның сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сийарто айтты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі "Интерфакс-Қазақстанға" сілтеме беріп.

 "Ресейден Венгрияға газ бен мұнай жеткізуді шектейтін санкцияларға дауыс бермейміз"

Айта кетейік, Сийарто Қазақстан астанасында жұмыс сапарымен жүр.

"Біз әділетсіздікке ұшырайтынымызға қарамастан Еуропа одағының әрбір санкция пакетін қолдап дауыс бердік. Бірақ еліміздің энергия қауіпсіздігіне кепілдік болатындай нақты қадамдар жоқ. Сондықтан Ресейден Венгрияға газ бен мұнай жеткізуді шектейтін санкцияларға дауыс бермейміз. Бұл – саясатқа қатысы жоқ шешім", деді Сийарто өзінің қазақстандық әріптесі Мұхтар Тілеубердімен жүргізген келіссөздерінен соң. 

Ол Венгрияға мұнайдың 65%-ы Ресейден "Дружба" мұнай құбыры арқылы келетінін айтады. Мұнайдың қажетті көлемін жеткізе алатын басқа маршрут "жоқ". 

Сийартоның айтуына қарағанда, Венгрия Еуропа одағының энергия көздерін әртараптандыру туралы бастамасын толық қолдайды. Бірақ Ресей мұнайы мен газына қатысты тұсы қиындық туғызады.

"Бұл жоба бойынша жұмыс істеп жатырмыз, Қазақстаннан келетін мұнай көлемін 16%-ға арттырдық. Қазақстаннан сатып алатын мұнай бізге тек Ресей арқылы жеткізіледі. Егер Ресейге мұнай жеткізуге кедергі келтіретін санкция салынса, біз энергия көздері мен басқа да көздерді әртараптандыруға кірісе алмаймыз", – деп түйіндеді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу