Ресейдің экспортқа қойған шектеуі Қазақстанға қалай әсер етеді?

1467

Ресей күнбағыс майы мен күнжарасына квота енгізу арқылы шектеу қоймақ. Күнбағыс майына 1,5 млн тонна, ал күнжарасына 700 мың тонна квота берілмек. Бұл өзгерістерді 1 сәуір мен 31 тамыз аралығында енгізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ресейдің экспортқа қойған шектеуі Қазақстанға қалай әсер етеді?

Бұл мәселе біздің елге қалай әсер етеді деген сұраққа Майлы дақылдарды қайта өңдеушілер ұлттық қауымдастығының төрағасы Ядыкар Ибрагимов жауап берді. 

"Ресей - әлемде күнбағыс майын басты экспорттаушы әрі өндірушілердің бірі. Ресми деректер бойынша, 2019 жылдан бастап кейінгі үш жылда күнбағыс майының экспорты орташа есеппен жылына 2,9 млн тонна, күнбағыс күнжарасы 1,8 млн тонна болды. Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға күнбағыс майы экспортының үлесі жалпы экспорттың тек 13%-ын құрайды. Ал күнбағыс күнжарасының үлесі өте аз, Орталық Азия елдеріне 1%-дан аспайды", - дейді сарапшы.

Оның пікіріне қарағанда, жақын арада күнбағысты қайта өңдеу өнімдерінің тапшылығы жоқ. 

"Қазақстан - Еуразиялық экономикалық одақтың қатысушысы. Күнбағыс майы мен күнжараның экспортына арналған квоталар ЕАЭО елдеріне қолданылмайтыны белгілі. Ешқандай шектеу жоқ", - деп атап өтті Ядыкар Ибрагимов.

Сарапшының сөзінше, әлемдік нарықта күнбағыс майының бағасы өсіп барады. Болжам бойынша, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстан кейін 50% қымбаттауы мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу