Ресейдің ең ұзақ жасаған қарт тұрғыны, Ингушетияда тіршілік кешіп жатқан Аппаз Илиев 123 жасында қайтыс болды. Бұл туралы аймақ басшысы Юнус-Бек Евкуров хабарлады, деп жазады ҚазАқпарат.
"Аппаз Лоросұлы екі дәуірді бастан кешті, 8 бала, 35 немере және 20 шөбере өсірді. Әрқашанда жайдары, өмірге құштар жан болатын. Өзімен бірнеше рет кездескенімде осыған көзім жетті", – деп жазды Евкуров өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Өңір басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, дүйсенбіде ұзақ жасаушы қария Ингуш республикалық клиникалық ауруханасына қатты ауырып түскен.Содан есін жия алмаған.
Илиев 1896 жылы 1 наурызда Ингушетияның таулы Джейра ауданындағы Гули елдімекенінде дүниеге келген.
Бұған дейін Ингушетия билігі оның ғаламшардың ең қарт тұрғыны атануы үшін тиісті құжаттарды дайындаумен айналысатындықтарын мәлім еткен болатын.