Ресейдің қаңтарылған кемесін тазалауға резервтік қордан 39 миллион теңге бөлінді

888

Ресейдің қаңтарылған кемесін тазалауға резервтік қордан 39 миллион теңге бөлінді

Маңғыстау облысында Ресей кемесін улы заттардан тазалау жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24.kz.

Мұнай қалдығы тиелген көрші елдің бұл танкері былтыр жағалауда қаңтарылып қалған еді. Содан бері "Аракс" атты алып кеменің иелері су көлігін құтқаруға құлық танытпаған. Сондықтан теңіз бен қоршаған ортаға төнген қауіптің алдын алуға жергілікті билік кірісті.

Облыс әкімінің тапсырмасымен резервтік қордан 39 миллион теңге бөлініп, көптен күткен залалсыздандыру жұмыстары басталды. Кемеде 930 тонна мұнай қалдығы мен өңделген май бар. Тазалау жұмыстарын жүргізетін компания тәулігіне 200 тоннадан улы зат шығармақ. Зиянды қалдықтар арнайы полигонда жойылады.

"Ауа-райы жақсы болса, екі аптада бітіреміз. Теңізді бүлдіретін заттар теңізге түспейді. Солай келісімшарт жасадық. Қолымыздан келгеннің бәрін істейміз", - дейді "Батыс Мұнай Транс" ЖШС директоры Айболат Асанғалиев.

"Маусым айында ауа мен судың сынамасын алдық. Зерттеу нәтижесінде ауада метанның көбейіп кеткені байқалған еді. Мұндай сараптаманы 2 апта бұрын қайта жүргіздік. Бұл жолы бәрі қалыпты болып шықты. Теңізге де мұнай қалдығы төгілмепті", - дейді  облыстық экология департаментінің басшысы Абай Сафин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу