Ал жаппай зымыран және дрон шабуылы салдарынан қаза тапқандар саны – 13 адам, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Киев мэрі Виталий Кличко әлеуметтік желідегі парақшасында іздестіру-құтқару жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын мәлім етті.
– Шабуылдардан 86 адам зардап шекті. Олардың 70-і ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта 13 адамның қаза тапқаны белгілі болды. Дарницкий ауданындағы зақымданған тұрғын үйде іздестіру-құтқару операциясы жалғасып жатыр, – деді қала басшысы.
Ал Киев қалалық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко шабуыл салдарынан қаланың ондаған нысаны бүлінгенін растады. Зымырандар мен дрондардың соққысынан көпқабатты тұрғын үйлер, азаматтық инфрақұрылым нысандары мен өзге де ғимараттар зақымданған. Кейбір тұрғын үйлерде өрт шығып, құтқарушылар үйінді астында қалған адамдарды іздеуді жалғастыруда.
Сонымен қатар, Киев облысында тағы екі адамның жараланғаны хабарланды. Бұл туралы Украинаның Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік қызметі мәлімдеді.
Шабуыл бірнеше сағатқа созылып, Ресей әскері баллистикалық және қанатты зымырандармен қатар, соққы беретін дрондарды да қолданған.
Украина билігінің мәліметінше, Киевтің 30-дан аса аумағында қираулар тіркелген. Бұл соңғы апталардағы ел астанасына жасалған ең ірі әуе шабуылдарының бірі саналады.