Ресейдің Омбы қаласынан жүгіріп шыққан спортшылар Павлодарға келді

998

 Ресейдің Омбы қаласынан жүгіріп шыққан спортшылар Павлодарға келді

Бүгін Павлодарға халықаралық "Бейбітшілік жүгірісі" акциясы бойынша Ресейдің Омбы қаласынан жүгіріп шыққан спортшылар келді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Акцияға қатысушы Дәурен Оспанов Астанадағы жоғарғы оқу орындарының бірінде сабақ береді. Ол "Бейбітшілік жүгірісі" шарасына осымен үшінші рет қатысып, Ресей және Қырғызстан спортшыларымен бірге белгілеген бір межені жаяу жүгіріп өтеді.

"Бұл жолғы жүгірісімізді 13-ші шілде күні Омбыдан бастадық. Акцияны тамыз айының 4-і күні Қарағанды қаласында аяқтаймыз. Сонда үш апта уақыт ішінде 2100 шақырым жерді жаяу бағындырамыз. Мақсатымыз - еңбек демалысымызды бос өткізбей, пайдалы іске арнап, салауатты өмір салтын дәріптеу. Сонымен қатар, екі ел арасындағы береке-бірлікті нығайту. Команда құрамында 10 адам бар. Оның жартысы Қазақстаннан болса, жартысы Ресейден. Бізде қатысушылардың барлығы бірдей жаяу жүгіреді деген талап жоқ. Мәселен, төрт адам 5-10 шақырым жүгірген соң көлікке отырады да, жүгірісті басқа әріптестеріміз жалғастырады.  Сонда 10 адам кезекстесіп жүгіріп, күніне 100-дей шақырымды бағындырамыз", - дейді Дәурен Оспанов.

Спортшылардың сөзінше, олар бүгін таңертең Успен ауданынан шыққан. Бүгінгі жүгірістерін Павлодарда аяқтап, ертең таңертең Майқайың кентіне қарай бет алады.

"Команда құрамында студенттер, зейнеткерлер және әртүрлі мамандық иелері бар. Біз бұл шараны біреудің бұйрығымен немесе тапсырмасымен емес, өз қалауымыз бойынша ұйымдастырудамыз. Тіпті, еріп жүретін көлікті де өз ақшамызға жалдып, жолда ішетін тамағымызды өз ақшамызбен сатып аламыз. Ал, жатар орынымызды жолда баратын қалалар мен аудандардың әкімдіктері дайындап қояды. Олармен алдын ала келісіп қоямыз. Бүгін демалыс күніне қарамастан күтіп алдып, барлық жағдайымызды жасап жатқан Павлодар қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің мамандарына алғыс білдіреміз", - дейді спортшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу