Қазақстанның Ресейдегі елшісі Иманғали Тасмағамбетов Ресей сыртқы істер министрлігі тарапынан "Халықаралық ынтымақтастыққа қосқан үлесі үшін" төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төсбелгі Тасмағамбетовке 11 желтоқсан күні РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Григорий Карасинмен кездесуі барысында табысталды.
"Ресей Федерациясы сыртқы істер министрінің шешімімен Қазақстанның елшісі қос ел арасындағы стратегиялық және одақтық қарым-қатынасты дамытуға, мәдени диалогты кеңейтуіге, сондай-ақ ортақ интеграциялық бірлестіктер аясында өзара ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін осы төсбелгімен марапатталады", — делінген РФ СІМ баспасөз қызметінің хабарламасында.
Иманғали Тасмағамбетов Қазақстанның Ресей Федерациясындағы төтенше әрі өкілетті елшісі болып 2017 жылы 3 ақпанда тағайындалған, оған дейін вице-премьер лауазымын иеленген.