Ресейдің ұшақтарына жол ашылды

796

26 қыркүйектен бастап екі ел арасындағы тұрақты әуе рейстері қайта жанданады. 

Ресейдің ұшақтарына жол ашылды

Тәулігіне 6431 адам індет жұқтырып, 150 адам коронавирустан көз жұмып жатқан Ресейдің ұшақтары Қазақстан аумағына 26 қыркүйектен бастап қатынай беретін болды. Екі елдің Үкіметтері осындай шешім қабылдаған. 

"Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтерінің шешімдері бойынша 2020 жылғы 21 қыркүйектен бастап Қазақстан мен Ресей арасындағы тұрақты жолаушылар рейстерін қалпына келтіруге рұқсат етілді. Бастапқы кезеңде Нұр-Сұлтан–Мәскеу бағыты бойынша "Эйр Астана" және "Аэрофлот" әуе компаниялары әр тараптан аптасына бір рейстен орындайды. "Эйр Астана" Қазақстан мен Ресей арасындағы рейстерді 2020 жылғы 26 қыркүйектен, "Аэрофлот" өз сапарын 2020 жылғы 27 қыркүйектен бастауды жоспарлап отыр", – деп жазады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрлік аталған рейстер екі елдің санитарлық-эпидемиологиялық нормаларын қатаң сақтай отырып ұйымдастырылатынына сендіріп отыр. 

ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің талаптары бойынша Ресейден Қазақстанға қатынайтын жолаушылар термометрия мен сауалнамадан өтуге тиіс. Жолаушының қолында COVID-19-ға тексерілгені туралы анықтама болса, шекарадан өтуіне ешқандай шектеу болмайды. Бірақ ол анықтаманың мерзімі 5 күннен аспауы керек. Анықтама болмаған жағдайда келген жері бойынша ПТР әдісімен COVID-19-ға зертханалық тексеруден өтіп, 14 күнге үй карантиніне алынуы қажет.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу