Ресейге қарсы енгізілген қосымша санкция валюта мен қаржы нарығында қауіпті күшейтті – Ұлттық банк

137

Бюджет әлі де Ұлттық қордың трансферттеріне сүйеніп отырғаны айтылды. 

Ресейге қарсы енгізілген қосымша санкция валюта мен қаржы нарығында қауіпті күшейтті – Ұлттық банк Фото: Ұлттық банк

Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов елдің ақша-кредит саясатына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Ұлттық Банктің ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен Үкіметтің инфляцияға қарсы шараларының нәтижесінде баға динамикасы біздің болжамымызға сәйкес қалыптасып келеді. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8-9% аралығында қалыптасады деп күтілуде.

Сонымен бірге, сыртқы секторда да, ішкі экономикада да инфляция тәуекелдері бар екенін атап өтемін", – деді Тимур Сүлейменов Сенаттың жалпы отырысында.

Сыртқы тәуекелдерге геосаяси тұрақсыздық, қаржы және тауар нарықтарындағы жоғары құбылмалылық жатады.

"АҚШ жаңа Президентінің сауда тарифтік саясат пен мұнай нарығына қатысты саясаты жағдайды құбылтып тұр. Оған қоса АҚШ Федералды Резервтік Жүйесінің әрекетін мұқият бақылап отырған жөн.

Ресейге қарсы қосымша санкция енгізумен байланысты геосаяси жағдайдың ушығуы валюта мен қаржы нарықтарында қауіпті күшейтті. Ішкі тәуекелдерге келетін болсақ, оның ішінде реттелетін бағалар саласындағы реформаларды, тұтынушылардың жоғары сұранысын, инфляциялық күтулердің жоғарылағанын атап өткен жөн. Ішкі инфляциялық факторлардың ішінен Ұлттық қордан бөлінетін трансферттерді ерекше атап өтемін. Бюджет әлі де Ұлттық қордың трансферттеріне сүйеніп отыр. Соның салдарынан мұнайдан тыс тапшылық жоғары күйінде қалды", – деді Ұлттық банк басшысы.

Сөзінше, биыл Ұлттық қордан тікелей трансферттер көлемі  5,6 трлн теңгені құрады, ал қордан алынған барлық қаражат 6 трлн теңгеден асады.

Ол Ұлттық қор қаражатын жұмсау көлемі де, бағыттары да маңызды екенін айтып отыр. 

"Ұлттық қордан бөлінетін қаражат қазақстандық тауарлардың көлемін арттыруға нақты жобаларды қаржыландыруға бағытталуы керек. Сондай-ақ, бұл шығыстардың сапасы, тиімділігі мен өнімділігі өте маңызды.

Осы мәселелер жүргізіп жатқан саясатымыздың маңызды факторлары саналады", – деді Тимур Сүлейменов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу