Демалыс күндері жүк көліктеріне орнатылған навигациялық пломбаның көмегімен транзиттік заң бұзушылықтың екі оқиғасы анықталды. Бұл туралы МКК экспорттық бақылау басқармасы хабарлады.
Алдымен бір жүк көлігінің Нұр-сұлтан қаласындағы "Шарын" базарында тұрғаны белгілі болған. Алма мен алмұрт тиелген фура базар аумағына 31 қазан күні келіп, екі күн қозғалыссыз тұрған. Мұны диспетчерлер МКК экспорттық бақылау басқармасы қызметкерлеріне хабарлап, транзиттік жүкті сату фактісі анықталған. Қырғызстан мен Қазақстан шекарасынан өткенде көлікте 19,3 тонна жеміс болған, базарда оның 10 тоннадан астамы сатылып кетіпті.
Жүргізуші көлік пен рефрежератордың бірнеше рет істен шыққанын, нәтижесінде тауар иесінің келісімімен тауарды Қазақстан аумағында сатуды шешкенін айтқан.
Ал екінші факт Қарағандыдағы "Шығыс" базарында болды. Мұнда жүргізуші навигациялық пломбалау қызметі диспетчеріне көліктің бұзылуы туралы хабарлап, тез бұзылатындықтан жемістерді сатуды шешкен.
Екі көліктегі жемісті де Қырғызстан аумағынан бір заңды тұлға жөнелткен. Қазір тауар иесі түсініктеме беріп, Нұр-Сұлтандағы тауар үшін ҚҚС төлеу міндеттелген. Ал Қарағандыда сатылған тауар үшін ҚҚС-ын базар әкімшілігі төлеуді мойнына алған. Оларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлеуге тура келеді.
Мұндай заң бұзушылықтар үшін жүргізушілер ӘҚБтК-нің 573-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Айта кетейік, навигациялық пломбаларды қолдану кедендік рәсімдерді жеңілдетуге және тексеру, бақылау жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.