Ресейлік депутаттың Қазақстанға қарата айтқан мәлімдемесіне Ақылбек Күрішбаев жауап берді

3554

Қазақстан депутаттары Ресейдің мемлекеттік думасының депутаты Геннадий Зюгановтың шовинистік мәлімдемелеріне үн қата бастады. 

Ресейлік депутаттың Қазақстанға қарата айтқан мәлімдемесіне Ақылбек Күрішбаев жауап берді

Еске сала кетсек, Зюганов қаңтар оқиғасынан кейін "Қазақстан "руссофобиялық" саясат ұстанып отыр, солтүстік облыстарының тұрғындарын Ресей билігі қорғауы керек" деген болатын. 

ҚР Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев ресейлік депутаттың пікірін "саяси жауапсыздық және қиын жағайда елді арандату" деп бағалайды.

"Г.А.Зюгановтың орыс тілді азаматтарға қатысты "озбырлық" туралы мәлімдемесі біздің еліміздегі нақты жағдаймен ешқандай байланыспайтынын көруге болады (!). Қазақстан – этносы мен діни сеніміне қарамастан барлық азаматтың құқықтары мүлтіксіз сақталатын құқықтық демократиялық мемлекет.

Осы ретте Қазақстандағы тіл саясаты елімізде тұратын барлық этностық топтардың тілдерін қолдау арқылы мемлекеттік қазақ тілін дамыту қағидатына табан тірейтінін атап өткен жөн.

Сонымен қатар Зюганов мырзаға Қазақстан-Ресей қарым-қатынасы сенімді шарттық-құқықтық базаға негізделетінін де жеткізгім келеді. Біздің елдеріміз арасында 4 мыңнан астам келісім мен шарт жасалды. Екі елдің мемлекет басшылары қос тараптың мүддесін білдіретін барлық маңызды мәселе бойынша тұрақты түрде кеңесіп, консультациялар өткізіп тұрады.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың негізі 2013 жылы қол қойылған ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шарт екені де белгілі.

Біздің елдеріміздің байланысы мемлекеттік егемендік пен тәуелсіздікті өзара құрметтеу, тең құқылы және ішкі істерге араласпау, аумақтық тұтастықты, мемлекеттік шекаралардың мызғымастығын мойындау қағидаттарына негізделеді.
Өкінішке қарай осындай жауапсыз мәлімдемелер біздің елдеріміздегі онсыз да қиын жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін. Халықтарымыз арасындағы бейбітшілік пен келісімді жоғары бағалап, соның қадірін түсініп, оны күмәнді саяси ойындарға пайдаланбауымыз керек (!).

Сондықтан осындай шетелдік әріптестерімді пікір білдірген кезде салмақты әрі салқынқанды болуға, Қазақстандағы жағдайды бағалау кезінде алып-қашпа сөздерге емес, нақты деректер мен мәліметтерге сүйенуге шақырамын", – деді Күрішбаев.

Фото: turkystan.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу