"Ресейлік өнімді тасымалдап жүр": Еуроодақ Қазақстанға қатысты тергеуді бастады

2085

Олар ресейлік өнімді тасымалдауы бек мүмкін деген күдік барын жасырмайды.

"Ресейлік өнімді тасымалдап жүр": Еуроодақ Қазақстанға қатысты тергеуді бастады

Қазақстан Еуропаға апарған затын кім өндіргенін айтып, түсін түстемейтін көрінеді. Бұл мәселеге қатысты біздің Үкімет те өз жауабын берді.

Еуропалық комиссия Қазақстанды тергеп жатқанына бір апта болды. Біздің үстімізден "Вудсток консорциумы" деп аталатын ағаш өңдеуші кәсіпорын шағым түсірген. Олардың арызы бойынша Қазақстан Еуроодақ елдеріне  қайыңнан жасалған фанера тасып жүр. Бір қызығы онда өндіруші мемлекеттің аты жоқ. Содан ресейге тиесілі болуы мүмкін деген күдік туып отыр. Бұл туралы Еуропалық комиссия өз сайтында жариялаған. 

"Зерттелетін өнім импортының біршама көлемі Одақ нарығына келіп түсті. Сондай-ақ сол заттардың төмен бағамен сатылатындығы туралы жеткілікті деректер бар".

Дәл сондай фанераларды Қазақстаннан бөлек Түркияда да тасымалдауда. Түріктер де апарған  затын "отандық өнім" деп айтуға ауыздары бармайды екен. Негізі Еуропалық одақ 2022 жылы шілдеден бастап ресейлік  ағаш өңдеу кешенінің барлық өнімдерін, оның ішінде фанерді әкелуге тыйым салды. Егер дерек расталса, онда Қазақстан санкцияға ілігуі мүмкін. Алайда сыртқы істер министрлігі сабырға шақырғандай болды.

"Бізде ондай қауіп жоқ. Өйткені өздеріңіз білесіздер біз еуропалық және америкалық әріптестерімізбен тығыз жұмыс істейміз. Бізде арнайы топ бар. Егер де бір қауіп төніп жатса, біздің батыстық әріптестеріміз алдын ала хабарлайды", - деді ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Негізі Еурокомиссияның тырнағына қазір Қырғызстан ілігіп тұрған сияқты. Жақында еуропарламенттің сыртқы істер комитетінің төрағасы Дэвид Маккалестер арнайы ат басын бұрып, ескерту жасап қайтты. Онда Қазақстанның да аты аталды.

"Қазір Еуропалық одақтың 27 мемлекеті Орталық Азия елдері үшін республикадан тыс санкцияланған тауарларды жеткізуге қатысты ықтимал шектеулер мәселесін қарастыруда. Бұл процесс ұзақ және бұл шаралардың қандай болатынын нақты айта алмаймын, бірақ біз кез келген геосаяси нюанстарды ескереміз", - деді Еуропарламенттің сыртқы істер комитетінің төрағасы Дэвид Макалистер.

Жалпы санкцияны айналып өтуге Қазақстанның және Орталық азия елдерінің болысып жүргендігі туралы ақпарат көп. Ал фанерға қатысты толыққанды ақпаратты Сауда министрілігі беруге уәде берді. Жауап күтудеміз. Ал тергеу нәтижесін алдағы уақытта хабарлайтын боламыз.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу