Ресейлік оппозиционерлер Брюссельде соғыс пен демократияны талқылауда

439

Украинамен соғысты тоқтату және Ресейде парламенттік демократияны қалпына келтіру мәселелерін талқылау үшін Михаил Ходорковский Брюссельге келді.

Ресейлік оппозиционерлер Брюссельде соғыс пен демократияны талқылауда Фото: euronews

Ресейдің оппозициясы мен азаматтық қоғамының өкілдері "елді парламенттік демократияға қайтару стратегиясын және осы трансформацияны қолдайтын Еуропалық Одақтың әрекеттерін" талқылайды, деп жазады Inbusiness.kz Euronews-ке сілтеме жасап.

"Брюссель диалогы" деп аталатын Еуропалық Парламенттегі дөңгелек үстелге Президент Владимир Путиннің басты саяси қарсыластарының бірі қазіргі уақытта қуғында жүрген Михаил Ходорковский келді.

Ол Euronews-ке берген сұхбатында Украинаға басып кіруге қарсы ресейліктер саны оппозиция қалағандай көп емес екенін айтты. Алайда, Ходорковский сауалнамаға қатысқан ресейліктердің шамамен 12%-ы Украинамен соғысқа қарсы сөйлейтінін маңызды деп атады:

"Сондай-ақ, ресейліктер бұл соғыс қателік, оны бастағанымыз дұрыс болмағанын білгенімен, жеңілісті де қабылдамайды, өйткені бұл Ресейдің күйреуіне әкеледі деп санайды. Бұл Путиннің үгіт-насихат жұмысының нәтижесі, шындық тұрғысынан мүлдем қате, бірақ адамдардың миына тиімді әсер етіп отыр. Сонда Путин режимінің жойылуы Ресейдің құлдырауына теңбе-тең деген түсінік қалыптасқан. Ең қауіптісі осы - адамдардың санасының улануында. Сондықтан мен жиі халық алдына шығуға тырысамын және Ресейдің күйреуі тек Путиннен болады, оның Путин биліктен кеткенінен емес" деп айтамын".

Литваның бұрынғы премьер-министрі, ал қазір еуродепутат соғыс кез-келген уақытта Мәскеуде режимнің өзгеруіне әкелуі мүмкін деп санайды. Андрюс Кубилус Украинаны жаулау жалғасып жатқанда, бейбітшілік келісім жайлы айту ерте екенін ескертеді: 

"Егер ештеңе өзгермесе, Ресей өз дамуында тығырыққа тіреледі деп ойлаймын. Мемлекеттің өзгеру мүмкіндігінің жаңа белгілері жайлы сұрақтың жауабы қарапайым. 1985 жылы қайта құру басталғанға дейін ешкім ешқандай нұсқауларды көрген жоқ. Бірақ сол кезде, тіпті Кеңес Одағының саяси элитасында да, егер бәрі Брежневтікіндей болса, онда КСРО өте тез ыдырайды деген нақты түсінік болды. Сондықтан қайта құру элитадан басталды".

Сәуірде Берлинде оппозицияның 68 өкілі бірлескен декларация қабылдады, оған 30 мың ресейліктер қол қойды. Олар Ресей әскерлері барлық басып алынған аумақтардан шығарылуы керек, әскери қылмыскерлер сотқа тартылуы керек және агрессия құрбандарына өтемақы төленуі керек деп мәлімдеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу