Ресейлік вакцинаны ұнатпағандар қазақстандық екпені күте алады

847

Медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге таңдау еркі берілген.

Ресейлік вакцинаны ұнатпағандар қазақстандық екпені күте алады

Ақпан айында бірінші кезеңмен вакцина алуға тиіс дәрігерлерге ресейлік вакцина күштеп таңылмайды. Оларға қазақстандық вакцинаны күту мүмкіндігі беріліп отыр. Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Әлия Рүстемова осындай мәлімет айтты.

"Бірінші кезең бойынша ақпан айында екпе алуға тиіс медицина қызметкерлері ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қазақстандық вакцинаны күтуге болады. Бұл жерде біз ешкімді шектеп отырған жоқпыз. Олардың таңдау құқығы өздерінде. Ондай мамандарға қандай шаралар қолданылатынын білгілеріңіз келетін сияқты. Ешқандай шара қолданбаймыз. Олар бұрынғысынша жұмыс істей береді. Өйткені бұл ерікті вакцина. Жұмысқа келуіне ешбір шектеу болмайды. Мұғалімдерге де солай. Бірақ әрбір медицина маманы өзінің тәуекел аймағында екенін түсінуі керек. Инфекциялық стационарлардың қызметкерлері үнемі "қызыл аймақта" жүреді. Олар вакцина алмаса өзінің өмірімен бірге жақындарының денсаулығына қауіп төндіретінін ұғуы керек. Олардың бәрі медицина өкілдері болғандықтан вакциналаудан басқа балама амал жоқ екенін біледі. Бірақ оларға вакцина таңдау еркі берілген. Ресейлік вакцинаны алғысы келмесе, қазақстандық екпені күте алады", - деді маман.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу