Ресейлік зауыт Қостанайда "Кировец" тракторын шығарады

1269

Өндіріс "АгромашХолдинг KZ" АҚ алаңында жүзеге асырылмақ.

Ресейлік зауыт Қостанайда "Кировец" тракторын шығарады

Петербург трактор зауыты Қостанайда энергия үнемдейтін "Кировец" тракторларының өндірісін ретке келтіруді көздейді, деп хабарлайды primeminister.kz.

ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин "Петербург трактор зауыты" АҚ директоры Сергей Серебряковпен кездесу өткізді.

Кездесу барысында ҚР мен РФ ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласындағы ынтымақтастық перспективалары, Қостанай қаласында "АгромашХолдинг KZ" АҚ алаңында ресейлік "Кировец" тракторларының өндірісін орналастыру мәселелері, сондай-ақ, жерсіндіру мен компоненттер өндірісін орналастыруды тереңдету келешегі талқыланды.

Зауыттың бас директоры Сергей Серебряков "АгромашХолдинг KZ" АҚ-да тек трактор өндірісін ұйымдастыруда ғана емес, сонымен қатар кардан білігі және дөңгелек дискілері секілді компоненттер өндірісін ұйымдастыруда да ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Жақында "Петербург трактор зауыты" АҚ басшысы Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникасының жетекші өндірушісі "АгромашХолдинг КZ" АҚ, "СарыарқаАвтоӨнеркәсіп" ЖШС ұлттық автошығарушысы, сондай-ақ Қостанайдағы Индустриялық аймақтың өндіріс алаңдарының әлеуетімен танысты.

Қазақстанда "ПТЗ" АҚ өнімдері көпшілікке танымал. Мәселен, 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде Қазақстанда 500-ге жуық "Кировец" сатылды. ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, жыл сайынғы сұраныс шамамен 1600 бірлік тракторды құрайды.

Айта кетсек, Петербург трактор зауыты 1801 жылы негізі қаланған Ресейдің бұрыннан келе жатқан машина жасау кәсіпорындарының бірі – "Киров зауытының" еншілес кәсіпорны. 2014 жылы К-744Р сериясының "Кировец" ауыр ауыл шаруашылығы тракторларының жаңартылған түрі өндіріске шығарылды. Бүгінде зауыт қуаттылығы 300-тен 450 л.с. дейін К-744Р сериялы "Кировец" ауыл шаруашылығы тракторларының 8 түрін, "Кировец" өндірістік тракторлары негізінде жасалған жол-құрылыс және арнайы машиналардың 17 түрін шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу