Ресейлік зымыран бөлшектерін Қазақстанға құлату туралы келісім қабылданбай қалды

1735

Мәжіліс "Байқоңырдан" ұшатын "Союз" зымырандары туралы келісімді ратификациялауды кейінге қалдырды.

Ресейлік зымыран бөлшектерін Қазақстанға құлату туралы келісім қабылданбай қалды Фото: sputniknews.kz

Мәжілісте Қазақстан мен Ресей Үкіметтері арасындағы "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшатын зымырандардың бөліктері құлайтын аумаққа қатысты келісімді ратификациялау мәселесі қаралды. Келісім жобасында зымыран бөліктерінің құлау ауданы ретінде Қазақстан аумағынан жер учаскесі берілуге тиіс.  

Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Мұхтар Ерман бұл келісімді ратификациялауды көздейтін заң жобасы әлі шикі екенін айтып, оны келесі жылдың аяғына дейін қабылдамай қоя тұруды ұсынды.

"Осы келісімде "Байқоңыр" ғарыш айлағынан ұшу кезінде "Союз" типіндегі тасымалдағыш зымырандардан бөлінетін бөліктердің құлау ауданы ретінде жер учаскесін қазақста Республикасының беруі және оны Ресей Федерациясының пайдалануы үшін ұйымдық құқықтық негізде белгіленеді. Аталған заң жобасын қарау мерзімі ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейін деп белгіленген болатын. Заң жобасымен жұмыс барысында Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің және "Халықаралық шарттар туралы" Заңның талаптарына сәйкес, Цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне біздің комитет аталған келісім бойынша ғылыми экологиялық сараптама менқоғамдық тыңдаулар өткізу қажеттігін туралы бастама көтерген болатын. Қазіргі уақытта ғылыми экологиялық сараптама қорытындысы алынды. Алайда онда көрсетілген тұжырымдамалар қосымша зерделеп, пысықтауды қажет етеді. Көрсетілген өңірлерде қоғамдық тыңдаулардың хаттамалары ұсынылмағанын, мұның өзі комитетке осы заң жобасы бойынша толық көлемде қорытынды әзірлеуге мүмкіндік беррмейтінін атап өтеміз. Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті заң жобасының қарау мерзімін 2021 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартуды ұсынады", – деді депутат. 

Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысты бірауыздан қабылдап, Қазақстан аумағынан "Союз" типті зымыран бөліктерінің құлауына жер телімін беру жобасы кейінгі қалдырылды.

Есімжан Нақтыбайұлы
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу