Ресейде 30-дан аса адамның өліміне себепші болған сусын Қазақстанда сатылымнан алынып тасталды, деп хабарлайды inbusiness.kz санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне сілтеме жасап.
Соңғы бірнеше күн бойы Ресейдің Самара қаласында орналасқан "АНДИ" жауапкершілігі шектеулі қоғамы өндіретін "Мистер Сидр" деп аталатын алкоголі аз сусынды тұтынғандар жаппай уланды.
Аталған ішімдіктен уланып, көз жұмғандар саны 32-ге жетті. Жалпы 90 адам қазір ауруханада жатыр, оның отызының жағдайы өте ауыр.
Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті алкоголь өнімін импорттаушылар мен өткізушілерді хабардар ету және мән-жай анықталғанға дейін аталған өнімді сатылымнан уақытша алып тастау қажеттігін айтып, аумақтық департаменттерге тапсырма берді.
Комитет істің егжей-тегжейі анықталғанға дейін жоғарыда аталған өнімді пайдаланудан бас тартуға және мұндай өнім сатылып жатса, ол жайлы комитетке немесе объектінің орналасқан жері бойынша аумақтық бөлімшелерге дереу хабарлауға шақырады.