Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ресейліктерге Германияға барудан бас тартуға шақырды. Бұл туралы министрліктің ресми өкілі Мария Захарова айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты DW агенттігіне сілтеме жасап.
"Аса қажеттілік болмаған жағдайда, еліміздің азаматтарын Германияға бармауға шақырамыз. Тиісті ұсынымдар министрліктің және шетелдегі мекемелердің ресми ресурстарында жарияланды", – деді Ресейдің СІМ ресми өкілі Мария Захарова.
Оның айтуынша, Германияда мемлекеттік шенеуніктер тарапынан Ресей азаматтарына қатысты негізсіз қудалау жалғасып жатыр. Сондай-ақ бұл ескерту Германияға іссапармен баратын журналистерге де қатысты екенін жеткізді.
Мария Захарова Санкт-Петербургтің "Зенит" футбол клубының бас бапкері Сергей Семак және оның жұбайымен болған оқиғаны мысалға келтірді. Бұған дейін Семактың әйелі Мюнхен әуежайында tax free рәсімдеу кезінде оларды тоқтатқанын, құны 300 еуродан асатын сатып алған заттарын алып қойғанын, салдарынан өз рейстеріне кешігіп қалғанын жазған.