Жақында әлеуметтік желілерде қара жолақ із қалдырып ұшып бара жатқан ұшақтың видеосы пайда болды. Автордың сөзіне сенсек, видео Атырауда түсірілген.
Бұл көрініс желі қолданушылары арасында талқыға түсіп, тіпті "әуеден вирус таратып жүр" дегендері де болды. Кейіннен аталған видеоға қатысты ресми орган тарапынан ресми түсініктеме берілді.
Хиуаз Доспанова атындағы Атырау халықаралық әужайының инженерлік-авиациялық қызметінің бастығы Андрей Кимнің айтуынша, кеше түс қайта "өртеніп" ұшқан "АН-12" жүк ұшағы екен.
"Ұшу кезінде әуеде қоспалар араласып, қалдықтар пайда болады. Бұл – қалыпты жағдай. Әдетте, мұндай жолақ кеңестік кезеңде шығарылған ұшақтарға тән. Ұшақ жоғарылап, номиналды жылдамдыққа ие болған кезде қара түтін өзінен өзі жоғалып кетеді. Сондықтан, тұрғындардың ол үшін мазасыздануы орынсыз", – деді Андрей Ким.
Тағы бір атап өтетін жай, жергілікті әуежайдың қалаға тым жақын орналасқаны. Сол себепті, одан көтерілген ұшақтар жылдамдық алып, биіктеп кеткенше анық көрініп, дүрілі естіліп тұрады. Қалалық жер қатынастары бөлімінен берілген мәліметке сүйенсек, әуежайдың санитарлық аймағынан 34 жер учаскесі тұрғын-жайға берілген.
"Прокуратураның тексеруі нәтижесінде 34 жер учаскесінің әуежайдың санитарлық аймағынан берілгені анықталды. Қазір бұл мәселе қарастырылып жатыр", – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы Наурызбек Құмаров.
Құралай Қуатова