Республика бойынша 375 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді

Жыл басынан бері еліміздің кәсіпорындарында 21 адам қаза тапты. 

Республика бойынша 375 мың адам зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейді Фото: Halyq Uni

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы – ҚР Бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті, деп хабардайды inbusiness.kz.

Спикер қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау және өндірістік жарақаттануды азайту ҚР Үкіметі мен Еңбекминінің негізгі міндеттерінің бірі болып табылатынын атап өтті. 

Нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шекккендердің саны 6,5% - ға (1568-ден 1465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4% - ға (220-тен 203 адамға дейін) азайды.

"Биылғы жылдың 1 наурызында еліміздің кәсіпорындарында 187 адам зардап шекті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 13% - ға аз. Оның ішінде 21 адам қаза тапты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 34,4% - ға аз. Жарақаттанудың жоғары деңгейі Қарағанды (19 адам зардап шекті), Шығыс Қазақстан (17 адам), Абай (15 адам), Түркістан (14 адам), Қызылорда (14 адам) облыстарында сақталуда", – деп толықтырды Төлеген Оспанқұлов.

Статистикаға сәйкес, 2021 жылы зерттелген кәсіпорындардың 1,6 млн жұмыскерінің 375 мыңы (22,8%) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыспен қамтылған.

Өңірлер бөлінісінде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлердің жоғары деңгейі Қарағанды облысында – 74 976 адам, Павлодар облысында – 46 361 адам, Шығыс Қазақстан облысында – 37 383 адам байқалады.

 "Зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстармен айналысатын жұмыскерлерге жұмыс беруші еңбек заңнамасына сәйкес кепілдіктер мен өтемақылар береді (жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы, қосымша жыл сайынғы еңбек демалысы және жалақының ұлғаюы, сүт, емдік және профилактикалық тамақтану). Мәселен, 2021 жылы еліміз бойынша 681 мың қызметкер зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істегені үшін 167 млрд теңгеден астам сомаға түрлі өтемақы алды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 19%-ға артық", – деп хабарлады ЕӘҚК төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу