Республика бойынша 700 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр

469

2024 жылға республикалық бюджеттен 5090 пәтерді салуға 69,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. 

Республика бойынша 700 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр Фото: Pixabay.com

Депутат Нұртай Сабильянов республика бойынша 700 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрғанын айтып, үй алу мүмкіндігін арттыру үшін қосымша қаражат бөлуді сұрады, деп хабарлайды inbusiness.kz cайты.

Депутат Абай облысында халықпен кездесулер өткізгенде кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелері жиі көтерілгенін, бұл мәселе барлық өңірлерде өзекті болып тұрғанын жеткізді.

Уәкілетті органның ақпаратына сәйкес республика бойынша тұрғын үй кезегіне 647 117 адам тұр (28.01.2024ж.). 2024 жылға республикалық бюджеттен 5090 пәтерді салуға 69,3 млрд. теңге қаражат бөлінген. Сонымен қатар, 7 522 пәтерімен кредиттік тұрғын үйді салуға 87 млрд. теңге қарастырылған. Ол тек кезекте тұрған адамдар санының 2% ғана тұрғын үймен қамтамасыз етеді.

"Ал Абай облысында 19373 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Соның ішінде, Семей қаласында 14 000 адам. Семей қаласында азаматтарды қабылдағанда көптеген азаматтар тұрғын үй мәселесін көтерді. Жалғызбасты, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар жандар келді. Көп жылдар кезекте тұрған азаматтар бар. Тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың жағдайы қиын. Қаражаттары, тұрақты тұратын үйлері жоқ. Алған кредиттері бар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі жоқ, алғашқы жарнаны төлей алмайды.

Қабылдауда болған азаматтар кезектен үй алғанға дейін уақытша тұратын үй, жатақхана беруді ұйымдастыру туралы ұсынысын жеткізді", - деді депутат.

Депутат кезекте тұрғандарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді жақсарту бағытында Парламент Мәжілісі тиісті заңдарға өзгерістер енгізіп, жергілікті атқарушы органдарға дайын тұрғын үйлерді сатып алу құзыреті берілгенін еске салды.

"Осы норманы жүзеге асыру үшін қосымша қаражат бөлу керек. Қаражат бөлінсе, кезекте тұрған адамдарға үй алу мүмкіндігі артады", - деді ол.

Сондай-ақ, "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Заңға сәйкес мемлекетке қайтарылған қаражат әлеуметтік жобаларға, халықтың әлеуметтік осал топтарын, мүгедектігі бар адамдарды, жетім балаларды қолдауға, яғни оларды тұрғын үймен қамтамасыз етуге де жұмсалуы қажет.

"AMANAT" партиясының сайлауалды бағдарламасында 730 мыңнан астам отбасы үшін қолжетімді бағадағы жаңа тұрғын үй салу жоспарын іске асыру қарастырылған.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу