Республика күні қарсаңында Ұлытау облысында бірқаттар азаматтар марапатталды

308

Халқымыздың еркіндігі мен бостандығының кепілі болған Республика күнін Ұлытау облысының жұртшылығы да кеңінен тойлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Республика күні қарсаңында Ұлытау облысында бірқаттар азаматтар марапатталды Фото: Ұлытау облысы әкімдігі

Тұрғындарға баспана кілттері табысталып, ескерткіштер ашылды. Ал Жезқазғандағы достық пен мәдениет үйінде еңбек ардагерлері, түрлі кәсіпорын қызметкерлері, аудан-қала тұрғындары қатысқан салтанатты шара өтті. 

Аймақ басшысы Дастан Рыспеков өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, экономикадағы жетістіктерге әркімнің қосқан үлесі бар екенін айтты.

"Облысымыз одан әрі қуатты өңірлердің біріне айналатынына сенімдемін. Өйткені біздің өңірдің топырағында рух, сенім, жігер дәні жатыр", – деді өңір басшысы.

Салтанатты шара барысында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына айрықша үлес қосып жүрген азаматтар "Парасат", "Құрмет" "Еңбек даңқы" ордендері және "Ерен еңбегі үшін", "Шапағат" медалімен марапатталды. Олардың қатарында мәдениет, білім, ғылым, медицина саласының қызметкерлері мен ардагерлері бар. 

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Береке Көшенов "Парасат" орденінің иегері болды.

"Осы еліміздің көзінің алдында да, жүрегінде де, халықтың көңілінде де жүргенім осы халықтың аялы алақынының арқасы. Халқыма дән ризамын. Менің өзім енді естіп жатырмын ғой осы атақ-абыройға осы біздің қаланың ардагерлер кеңесі, сосын тағы да қосымша адамдар 67 адам қол қойып, менің осы атақ алуымды сұраған екен", – деді Б.Көшенов.

"Сәтбаев жылу, сумен жабдықтау кәсіпорны" ЖШС жұмыскері Әділ Сейітжановқа ІІІ дәрежелі "Еңбек даңқы" ордені табысталды. "Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері" атағын мәдениет майталманы Жақсылық Шохтаев иеленді. "Бірлік" медалімен "Вайнах" этно бірлестігінің жетекшісі Абеуезит Чумаков марапатталды.  

Салтанатты шарада "Ұлытау облысының құрметті азаматы" атағы берілді. 

"Сол азаматтардың арасында өзімде бармын. Ұлытау облысының "Құрметті азаматы" атандым. Осы бір мерекені ерекше бір қуанышпен сезініп тұрмын. Баршаларыңызға жарқын болашақ, елімізге жақсылық пен тыныштық тілеймін", – деді Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес көпбалалы ана "Алтын алқа  иегерлері атанды. 

Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. "Ұлытау" этно-рок тобы өнер көрсетіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар басқа да қазақ эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу