БҚО халық шығармашылығы орталығынан мәлім еткеніндей, Шолпан Қыдырниязова 1949 жылы 6 мамырда дүниеге келген.
Ол 1956-1966 жылдар аралығында Алакөл бастауыш, Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектептерінде оқып, білім алған.
Қаратөбе аудандық "Еңбек туы" газетінде әдеби қызметкер болып жұмыс істеді.
1967-1971 жылдары А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтында оқып, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі мамандығын алды.
1971-1976 жылдарда Қаратөбе ауданы Шөптікөл сегізжылдық мектебінде мұғалім, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болды.
1976-1983 жылдары "Еңбек туы" газетінде радиохабар ұйымдастырушы тілші, жауапты хатшы, 1983-1993 жылдары халық депутаттары аудандық кеңес атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, жауапты хатшы, төраға орынбасары, аудан әкімі орынбасары міндеттерін атқарды, бірнеше дүркін аудандық кеңеске депутаттыққа сайланды.
Шолпан Батырқызы 2004-2008 жылдары жаңадан ашылған Батыс Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы болып қызмет етіп, өңірде мемлекеттік тіл мен ономастика саласының дамуына сүбелі үлесін қосты.
Ш. Қыдырниязова елімізге айтыскер ақын ретінде кеңінен танылды. Әсіресе, 1980 жылы республикалық екінші ақындар айтысында бірінші орынға ие болып, оған Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағы берілді.
Қаратөбе ауданында қоғамдық негізде "Жас ақындар" мектебінің негізін қалады. Өзі түрлі деңгейдегі елуден аса айтысқа қатысып, көптеген ақындармен айтысқан.
Айтыстары "Жыр шашу", "Он алты қыз, бір жігіт" жинақтарына енген. Айтыс сахнасынан кейінгі уақыттарда өлең, түйінсөз жазумен айналысып, "Жазира" (1982 жыл), "Ерке құс" (1992), "Елігі еркін даланың..." (2004), "Қос қанат" (2010), "Қаратөбем, қасиетті құшағың" (2015), "Менің тәрбие сағатым" (2016), "Анадан – ақыл, әжеден – әдеп" (2019) жыр, айтыс, нақылдар жинақтары жарық көрді.
"Қазақстан Конституциясына – 10 жыл", "Қазақстан мәслихатына – 20 жыл", "Ерен еңбегі үшін" медальдарының, "Құрмет" орденінің иегері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы.